Алматы тарихы музейі «Жыл музейі» атанды
Алматы тарихы музейі 2025 жылғы Freedom Ticketon Awards сыйлығының шешімімен «Жыл музейі» атағына ие болды. Қалалық мәдениет басқармасына қарасты бұл мекеме музей инфрақұрылымын дамыту мен жаңа ағартушылық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталатын 3 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

Айта кетейік, бұл номинацияда Қазақстанның ең ірі музейлері бақ сынаған. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Орталық мемлекеттік музей, А.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, «Абай Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, ҚР Тұңғыш Президенті орталығы және т.б. мекемелер бар.
Бұл жеңіс Алматы тарихы музейінің Қазақстандағы тарихи жад пен мәдени бірегейлікті сақтаудағы жетекші орталықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Айта кетейік, Алматы тарихы музейі Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіреді. Бұған дейін TÜRKSOY халықаралық түркі мәдениеті ұйымының шешімімен бұл бірлестік Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қазақстан елдерінің музейлері арасында түркі дүниесінің үздік музейі атанып, Best Museum of the Turkic World сыйлығын алған болатын. Бұл марапат түркі әлемінің мәдени мұрасының насихатталуына және сақталуына қосқан зор үлесі үшін берілді.