«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қарау аяқталды

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қарауды қорытындылады. Өтінімдер 1-15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы қабылданып, бағдарламаға қатысу үшін барлығы 5 363 өтінім түсті.

Жарияланған күні мен уақыты: «29-07-2026 15: 38»

Құжаттарды қарау барысында кейбір қатысушылардың өтінім беру кезінде қызмет саласын қате көрсеткені анықталды. Бұл техникалық сипаттағы қателік болғандықтан, олардың бағдарламаға қатысуына кедергі келтірген жоқ.

Құжаттарды тексеру нәтижесінде 3 968 өтінім мақұлданды. Биыл бағдарлама аясында кемінде 1 650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланған. Дәл осы мөлшердегі қатысушылар төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банк» АҚ-на жолдама алады. Кезектің алдын алу мақсатында жолдамалар кезең-кезеңімен апта сайын 550 қатысушыға беріледі.

Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін қатысушыларға 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама тұрғын үй нарығынан баспана таңдап, 20 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй несиесін рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

Егер кейбір қатысушылар төлем қабілеттілігін растай алмаса немесе белгіленген мерзімде тұрғын үй таңдап үлгермесе, жолдама беру кезегі оң қорытынды алған келесі үміткерлерге өтеді. Бұл бағдарламаға бөлінген қаражаттың толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етеді.

Құжаттарды қарау нәтижесінде 1 395 өтініш берушінің құжаттары бағдарлама талаптарына сәйкес келмеді. Бұған олардың жеке меншігінде тұрғын үйінің болуы, соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығаруы немесе соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарының аударылмауы себеп болды.

Өтінімі мақұлданған және өтінімі мақұлданбаған үміткерлердің тізімі kezekte.kz порталындағы ALMATY JASTARY сервисінің «Тұрғын үй қызметтері» бөлімінде жарияланады.

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар