Алматыда 18 мың оқушы үшін салтанатты жиын өтті
Алматыда 11-сыныпты аяқтаған 18 мың түлекке арналған бірыңғай салтанатты «Мектебім, саған мың алғыс» атты іс-шара өтті.

Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов ұстаздарға еңбектеріне адалдығы үшін алғыс білдіріп, түлектерге жаңа өмір жолында сәттілік пен табыс тіледі.
Алматы мектептерінің түлектері ұлттық және халықаралық деңгейде жоғары жетістіктер көрсетті. Қалалық команда республикалық олимпиадада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бірінші орынды иеленіп, 66 медаль мен Гран-при жеңіп алды.
Алматының ұстаздары да ерекше көзге түсті. Биыл мектептерге мыңнан астам жас маман келіп, мұғалімдердің жалпы саны 27 мыңнан асты. «Алматы ұстазы» қалалық байқауының жеңімпаздары халықаралық тағылымдамадан өтті, ал Гран-при иегері қала әкімі атынан 5 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Сонымен қатар, алматылық педагогтер оқырмандық және математикалық сауаттылық бойынша республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы, 2024–2025 оқу жылында Алматы қаласында 349 465 оқушы білім алды. Соның ішінде 18 мыңнан астамы – 11-сынып оқушылары. Айта кету керек, 1 764 түлек мектепті үздік бітірді, 670 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 11-сынып оқушыларының 92,1 пайызы – яғни 17 522 адам – қатысатынын растады.
Алматы қаласы Білім басқармасы
Жаңалықтар

