Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күні қалай атап өтіледі
2025 жылдың 1 маусымында Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қаланың жас тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, фестивальдар, танымдық және мәдени-демалыс бағдарламалары, интерактивті алаңдар, шығармашылық шеберлік сыныптары мен қайырымдылық акцияларын қамтитын ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді.

Басты оқиға «БALAFEST, JARYQ SKILL FEST» қалалық балалар фестивалі болмақ. Жас ұрпақтың шығармашылық, интеллектуалдық және тұлғалық әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шара Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы скверде сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін өтеді. Фестиваль мыңнан астам қатысушыны, оның ішінде 300 мыңнан астам оқушы қатысқан «BALAFEST» байқауының жеңімпаздарын біріктіреді. Фестивальдің тұжырымдамасы – футуристік «болашақ қаласы», онда балалар экологияға, мәдениетке, дәстүрлерге, технологияларға және кәсіптерге арналған тақырыптық аймақтарға бара алады. Қатысушыларды шеберлік- сыныптары, квесттер, интерактивті сабақтар, сондай-ақ сыйлықтарға айырбастауға болатын ойын валютасы күтеді.
Сонымен қатар, 1 маусымда Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Bala Star Almaty» отбасылық фестиваль-концерті өтеді. Концерттік бағдарлама сағат 11:00-де басталады. Оған қазақстандық эстрада жұлдыздары - Роза Рымбаева, Жарқынай Ханайым, Айгүл Қосанова, Диная, сондай-ақ жас орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар: Алсу Улханова, Шерхан Арыстан, Нағашыбай Мирас, «Сармат», «Гүлстан» ансамбльдері және «Бозторғай» вокалдық студиясы қатысады. Келушілерге қаланың хореографиялық студияларынан 200-ден астам баланың қатысуымен «Алматы жүрегімде» мерекелік флешмобы ұсынылады. Мерекелік атмосфераны қолданбалы өнер, отбасылық караоке және басқа да ойын-сауықтар бойынша шеберлік сыныптары бар интерактивті аймақтар жасайды. Қуыршақ театрының артистері ұсынатын бағдарлама балалардың ерекше қызығушылығын тудырады.
Almaty Gallery кіші залында 1 маусымда сағат 12:00-де жас суретші Рауана Олжастың «Менің балалық шағымның палитрасы» атты жеке көрмесі ашылады. Экспозицияда халықаралық байқауларға қатысушы жасаған жарқын пейзаждар, натюрморттар мен сюжеттік композициялар ұсынылады. Көрме 15 маусымға дейін ашық болады.
Бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық іс-шара Алматы қаласының тарихы мұражайында өтеді. Күні бойы мұнда «Жас археолог» ойыны ұйымдастырылады, оның барысында балалар археология негіздерімен танысады, археологиялық қазба процесін көреді және ежелгі артефактілердің көшірмелерімен жұмыс істейді. Бағдарламаны мұражайдың аға ғылыми қызметкері М. М. Нұрпейісов жүргізеді.
Арнайы мерекелік бағдарлама қалалық кітапханаларда да өтеді. 1 маусым күні сағат 10:00-ден бастап Махатма Ганди атындағы саябақта №4 кітапхананың қатысуымен «Алматы – бақытты балалар қаласы» атты ауқымды мереке басталады. Балаларды шығармашылық шеберханалар, көрмелер, жазушылармен кездесулер және буккроссинг күтеді. И. А. Крылов атындағы балалар кітапханасында театрландырылған қойылымдар, концерт, көңілді квесттер және балалар жазушысы Мағира Қожахметовамен шығармашылық кездесу өтеді. Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында № 92 мамандандырылған лицейдің оқушылары әдеби оқуларға, байқауларға және көркемдік іс-шараларға қатысады. 2 маусымда С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасында театрландырылған қойылыммен, шеберлік сыныптарымен, флешмобпен және хайуанаттар бағымен байланыстыратын «Кітап жазы» мерекесі өтеді.
1 маусымда Алматы хайуанаттар бағының базасында жазғы зообақ - 9 жастан 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған білім беру жобасы жұмыс істей бастайды. Бағдарлама экологиялық мәдениетті дамытуға, зоологияға, биологияға және қоршаған ортаны қорғауға қызығушылықты қалыптастыруға бағытталған. Жаз бойы қатысушылар теориялық және практикалық сабақтарға қатысады, хайуанаттар бағы қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысады, жануарларды бақылайды және оларға күтім жасау негіздерін меңгереді. Сабақтар тегін негізде өтеді және оны хайуанаттар бағының мамандары - зоологтар, ветеринарлар мен педагогтар жүргізеді. Курстарға тақырыптық дәрістер, экскурсиялар, шеберханалар және интерактивті сабақтар кіреді. Қатысу үшін «Мен неліктен Хайуанаттар бағында оқығым келеді» тақырыбында эссе жазу қажет болды.
Сондай-ақ, мереке аясында 30 мамырда сағат 12:00-де Қазақ мемлекеттік циркінде «PRO Цирк» қайырымдылық шоуы өтеді. Қойылымға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және халықтың мобильділігі төмен топтарының өкілдері шақырылды. 1700 - ден астам көрермен цирктің үздік әртістерінің, соның ішінде әуе акробаттарының, иллюзионистердің және жұлдызды қонақ Дана Запашный және оның Боня есімді үйретілгеншимпанзесінің қатысуымен жарқын бағдарламаны тегін тамашалай алады.
Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күні жылулық, қамқорлық пен шығармашылық шабытқа толы нағыз жарқын мереке болмақ. Барлық аталған іс-шаралар балалар үшін тегін өтеді.
1 маусымда мерекелік іс- шаралар қаланың әр ауданында өтеді:
-Алмалы ауданында сағат 12:00-де Ганди саябағында ойындар, байқаулар ұйымдастырылып, тақырыптық балалар іс-шарасы өтеді. Аниматорлар танымал балалар мультфильмдеріне негізделген ойындарды көрсетеді. \Мереке күні саябақ қонақтары ойын-сауық шоу-бағдарламасы мен Мұрат Мутургановтың цирк қойылымын тамашалайтын болады.
-Алатау ауданында сағат 11:00-де Зерделі скверінде (Зерделі шағын ауданы, 180а) балаларға арналған мерекелік іс-шара: концерт, цирк шоуы және аниматорлардың қатысуымен түрлі интерактивті іс-шаралар өтеді.
-Әуезов ауданында сағат 18:00-де Family park-та ашық аспан астындағы мультфильмнің мерекелік көрсетілімі болады.
-Бостандық ауданында мерекелік іс-шаралар (концерттік бағдарлама, балалар жарысы, шеберлік сыныптары) Тұңғыш Президент саябағында сағат 10:00-ден бастап өтеді.
-Жетісу ауданында сағат 10:00-де Құлагер шағын ауданында концерттік бағдарлама ұйымдастырылады және аниматорлардың қатысуымен «Jetisu Fest» фестивалі өтеді.
-Түрксіб ауданындағы мереке 10:00-де Сейфуллин даңғылы, 13/1 мекенжайдағы №6 Оқушылар үйінің алдында өтеді.
-Медеу ауданында сағат 11:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында балаларды концерттік бағдарлама күтеді.
-Наурызбай ауданында сағат 18:00-де әкімдік жанындағы амфитеатрда балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы бар «Ашық аспан астындағы кино кеші» өтеді.