Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру саласындағы БҰҰДБ-мен ынтымақтастық мәселелері қаралды
Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Төтенше жағдайлар мен апаттар қаупін азайту орталығының (ТЖАҚАО) өкілдері және Жапония сарапшыларының қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында Жапония Үкіметі қаржыландыратын «Орталық Азия өңірінде апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту» өңірлік жобасы аясындағы өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Іс-шара барысында Алматы қаласы әкімдігі мен БҰҰДБ арасындағы жер сілкіністеріне төзімділікті арттыру және сейсмикалық тәуекелдерді басқару саласындағы заманауи тәсілдерді, соның ішінде Жапонияның озық тәжірибесін енгізу бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Алматы қаласының сейсмикалық белсенді аймақта орналасуы және ірі әлеуметтік-экономикалық орталық мәртебесі ескеріле отырып, аталған күн тәртібінің өзектілігі атап өтілді. Осыған байланысты қалалық қызметтердің дайындығын жүйелі түрде арттыруға, халықты ақпараттандыру тетіктерін жетілдіруге және халықаралық үздік тәжірибелерді қолдануға баса назар аударылды.
Атап айтқанда, Жапония сарапшылары жер сілкінісін болжау әлі де ең күрделі міндеттердің бірі болып қала беретінін, ал халықтың сейсмикалық қауіптерді азайту тәсілдері туралы хабардарлығын арттыру дайындықтың ең сенімді жолы екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және аталған жобаны дәйекті түрде іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңалықтар