Алматыда тұрғындар орталықтандырылған ауызсу және кәріз жүйесімен қамтамасыз етілді
Алатау ауданында ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталды – Ақбұлақ шағынауданы толығымен ауызсумен және кәрізбен қамтылды.

Жоба заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен жүзеге асырылды. Президент тапсырмасына сәйкес бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталып отыр.
«Қайтарылған қаражат есебінен екі жоба іске асырылуда – Ақбұлақта және Боралдайда», – деді Алатау ауданы әкімінің аппаратына қарасты инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Абай Топарбай.
Ақбұлақ тұрғындарының айтуынша, бұл мәселе көп жылдар бойы шешілмей келген. 2024 жылы мұнда инженерлік желілер тартылып, биыл жазда жолдар жөнделді. Қазір барлық жұмыстар толық аяқталды.
«Біз бұл жерде көп жылдан бері тұрамыз. Су болмағандықтан қиналатынбыз. Өткен жылы желілер жүргізілді, ал бір апта бұрын жолымызға асфальт төселді», – деді тұрғындардың бірі Галина Сыбайласова.
Осыған ұқсас жұмыстар Боралдай шағынауданында да аяқталуға жақын. Мұнда қазірдің өзінде 50 шақырымнан астам инженерлік желі салынды. Олар ауданды ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етпек.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жаңалықтар
