Алматының 2025 жылға арналған нақтыланған бюджеті 2,5 трлн теңге болып бекітілді
Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәслихаттың 30-сессиясында сөз сөйлеп, бюджет жобасы мәслихат депутаттарының атсалысуымен әзірленіп, комиссияларда жан-жақты қаралғанын атап өтті.

Нақтыланған сома 97 млрд теңге. Бұл қаржы мемлекеттік сатып алулардағы үнем, қаражатты қайта бөлу, өткен жылдан қалған қалдықтарды пайдалану және кіріс бөлігінің өсуі есебінен қалыптасты. Бюджет негізінен әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және қалалық ортаға цифрландыруды енгізуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласына қосымша 17 млрд теңге бөлінеді. Алмалы, Наурызбай және Түрксіб аудандарында әр ауысымда 500 адамды қабылдай алатын 4 жаңа емхананың құрылысы басталады. №4 қалалық клиникалық аурухананың құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, орфандық аурумен ауыратын алматылықтар үшін медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек сатып алуға, №23 емхананы және «Алау» оңалту орталығын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылған.
Білім беру саласында Жас Қанат шағынауданындағы жаңа балабақшаның құрылысын аяқтауға, Алатау және Алмалы аудандарындағы №168 және №10 балабақшаларды қайта жаңғыртуға қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, №174 мектепке қосымша құрылыс, №17, №50, №56 және №124 мектептерге сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізіледі.
Мәдениет саласына қосымша 9,4 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы Сац атындағы театрды қайта жөндеуге, 3 кітапхана мен 3 коммьюнити-орталық ашуға жұмсалады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 17,5 млрд теңге бөлінеді. Достық шағынауданы мен Әуезов ауданында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталады, Тастыбұлақ пен Таусамалда жаңа құрылыс басталады. Түрксіб ауданындағы кәріз тазалау қондырғылары мен сорғы станциялары жаңғыртылады. Электрмен жабдықтау мен көше жарығы жобалары іске асады. Қайрат шағынауданында газ тарту жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғын үй қорын жаңғырту аясында көпқабатты үйлердің күрделі жөндеуі, өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнату қарастырылған. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жеке секторда 100 жаңа қоқыс контейнер алаңы орнатылады. Алтынкөл тоғанын тазалау, қаланың сегіз ауданында 248 үйдің қасбетін жөндеу жоспарланып отыр.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,6 млрд теңге бағытталады. Саин көшесі бойындағы жанама жол учаскелерінің құрылысы, Ержанов көшесіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргінші көпірі аяқталады. Ерменсай, Нұрлытау және Нұр-Алатай шағынаудандарында жаңа жолдардың жобасы әзірленеді. Gate City және Ынтымақ шағынаудандарында жаяу жүргінші өткелдерінің жобалары жасалады. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 900 электронды табло орнату жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы әкімдігі жанындағы жобалық кеңсенің қолдауымен зияткерлік көлік жүйесі – ITS енгізіле бастайды. Бұл жүйе бейнебақылау, бағдаршам, автотұрақ пен қоғамдық көлікті біріктіріп, көлік қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қанат Сухамбеков баяндама соңында нақтыланған бюджеттің басты мақсаты – шаһардың маңызды мәселелерін шешу, алматылықтардың өмір сапасын жақсарту және қауіпсіз, жайлы қалалық орта қалыптастыру екенін атап өтті.
Жаңалықтар
