Алматының Алатау ауданында биыл 81 км жол орташа жөндеуден өтеді
Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Қала басшысының айтуынша, 2024 жылы ауданның 66 көшесі, жалпы ұзындығы 41,7 км жол орташа жөндеуден өткен, ал биылғы жылы 18 шағын ауданда 81 км жол жөндеу жоспарланған.
Сондай-ақ, өткен жылы ағымдағы жөндеу аясында 30 мың шаршы метр жол төсемі қалпына келтіріліп, 12 км техникалық тротуар салынған. 2025 жылы тағы 30 мың шаршы метр жол және 9 км тротуар жөндеу жоспарланып отыр.
«Өткен жылдың қарашасында біз Мөңке би мен Саин көшелерінің қиылысындағы жолайырықты аяқтадық, бұл қаланың негізгі магистраль көшелеріндегі көлік жүктемесін 20%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Биылғы жылдың қарашасына дейін Саин көшесін ұзарту жұмысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңа шағын аудандардың жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл мамыр айында Боралдай және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында жалпы ұзындығы 50,6 км жаңа жол құрылысы басталады, аяқталу мерзімі — 2026 жылдың қарашасы», – деді Ерболат Досаев.
Алматы әкімі сондай-ақ, 2024 жылы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында аудан бойынша автобус саны 1 221-ден 1 467-ге дейін артқанын айтты. Бұл 11 жаңа маршрут ашуға, 30 маршрутқа қосымша автобустар қосуға және 12 маршрутты жаңартуға мүмкіндік берді.
Жаңалықтар



