Алматының Алмалы ауданында биыл 56 аула көріктендіріледі

Алматының Алмалы ауданында әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл 56 аула көріктендірілді.

Жарияланған күні мен уақыты: «15-05-2025 04: 34»

Қазіргі таңда Панфилов көшесі, 30; Шагабутдинов көшесі, 30; Төле би көшесі, 160; Қабанбай батыр көшесі, 91 және Шәріпов көшесі, 68 мекенжайларындағы бес ауланың жұмысы аяқталды. Мұнда ойын және спорт алаңдары жаңартылып, резеңке жабын төселді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Шәріпов көшесі, 68 мекенжайында тұрғындардың өтініші бойынша спорт алаңына үлкен қалқа орнатылды.

«Спорт алаңының көркейтілгеніне қуаныштымын, үлкен қалқа орнатылды, бұл ашық ауада спортпен айналысатындарға ыңғайлы. Күн сәулесі мен жаңбырдан жақсы қорғаныс. Мен үстел теннисін жиі ойнаймын немесе көшедегі жаттығу құрылғыларында жаттығамын. Енді бәрі жақын, жаттығу жасағанда ыңғайлы, жақсы болды. Біздің аулалар белсенді демалыс пен араласуға арналған орынға айналып жатқанына қуаныштымыз», – деді аудан тұрғыны Медет Ахметов.

2025 жылы «ХҚБ» бағдарламасы аясында аудан бойынша барлығы 45 жоба жүзеге асырылады. Көркейту жұмыстары биыл сәуір мен қазан айлары аралығында жүргізіледі.

Қауіпсіз әрі тиімді тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында 7 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл үйлердің шатыры, қасбеті және инженерлік желілері жаңартылады. Сонымен қатар, 5 көпқабатты үйде жеделсаты жабдықтары ауыстырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 11 көпқабатты тұрғын үйде 18 жеделсаты жабдығы жаңартылып, 7 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ, 2024 жылы аудан бойынша «ХҚБ» аясында 52 жоба іске асырылып, қосымша 23 аула аумағында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

Жалпы, соңғы үш жылда Алматыда 938 жоба жүзеге асырылған.

Жаңалықтар