Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданындағы инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуді тапсырды

Алматы әкімі Наурызбай ауданы тұрғындарының ұсынысын тыңдап, көріктендіру мен демалыс орындары бойынша тапсырмалар берді

Жарияланған күні мен уақыты: «09-06-2025 05: 54»

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданында жұмыс сапарымен болып, білім беру, жылумен қамтамасыз ету, қауіпсіздік және тұрғын үй құрылысы салаларындағы басым жобалардың жүзеге асыру барысымен танысты.

Сапар кезінде қала әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмысымен танысып, мерзімнің сақталуына, жұмыс сапасына және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Әкім алдымен Шұғыла шағынауданындағы 1200 орындық мектеп құрылысына барды. Құрылыстың дайындық деңгейі 85%-дан асады, құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Бұл нысан қала әкімдігі жанындағы жобалық кеңсенің қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр және қарқынды дамып келе жатқан аудандағы мектеп тапшылығын азайтуға бағытталған. Дархан Сатыбалды мектеп айналасындағы инфрақұрылымды сапалы түрде қамтамасыз етіп, құрылыс мерзімін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.

Келесі нысан «Премьера» қазандығы. 2023 жылы бұл жерде кеңейту жұмыстары аяқталып, жаңа суқыздырғыш қазандықтар, түтін мұржасы, сорғы жабдықтары және аккумуляторлық бактар орнатылды. Қуаттылығы 197,4 Гкал/сағ дейін арттырылып, 340-тан астам нысанды: тұрғын үйлерді, мектептер мен медициналық мекемелерді жылумен қамтамасыз етеді. Әкім күзгі-қысқы маусымда қазандықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету маңызды екенін айтып, барлық жылу көзінің дер кезінде дайындалуын тапсырды.

Әкім сондай-ақ, аудандық әкімдік ғимаратындағы Полицияның «Сервистік орталығының» жұмысымен танысты. Бұл орталық ашық кеңістік форматында жұмыс істейді және тұрғындарға кеңес алу, өтініш беру, әкімшілік мәселелерді ыңғайлы жағдайда шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әкім бос жатқан жер телімдерін тиімді пайдалану, көркейту жоспарлары туралы ұсыныстарды тыңдап, тұрғындармен кездесті. Әкімнің айтуынша, мұндай орталықтар халықтың күнделікті мәселелерін шешуге нақты көмектесетін қолайлы орын болуға тиіс.

Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қала тұрғындары қалалық ортаны жақсарту бойынша ұсыныс айтты. Атап айтқанда, сауда-ойын-сауық орталығының, театрдың құрылысын салу, демалыс пен серуендеуге арналған аймақтарды ұйымдастыру туралы өтініштер айтылды. Дархан Сатыбалды бос уақытты тиімді өткізу идеясын қолдап, қала жобалары халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің ауласындағы көлік тұрақтарының ретсіз орналасу мәселесіне тоқталып, тұрақ орындарын ретке келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Келесі нысан әлеуметтік осал санаттағы балаларға арналған №15 интернат. Мұнда көпбалалы, табысы төмен, өмірде қиын жағдайға тап болған, нашақорлыққа тәуелді немесе түрмеден шыққан ата-аналардың балалары білім алады. Жаңа ғимараттың жобалық қуаттылығы 340 орын.

Мердігердің мәліметінше, нысанның дайындық деңгейі 45%, алайда құрылыс межелі мерзімнен кешігіп жатыр. Әкім бұл мәселелерді жедел шешіп, мерзімнің сақталуын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Әсіресе, балаларға арналған әлеуметтік нысандар құрылысының мерзімі сақталу керек екенін қатаң ескертті.

Дархан Сатыбалды мердігердің уақытында аяқтамау себептерін талқылап, тез арада шаралар қабылдаудың қажеттігін атады. Мердігерге бір апта ішінде нақты мерзімдерді көрсетіп, жұмыс қарқынын арттыру жөнінде ұсыныс беру жүктелді. Егер ұсыныс болмаса, келісімшарт бұзылып, сотқа талап арыз беріледі.

Дархан Сатыбалды ауданның қарқынды дамып келе жатқанын айтып, қаланың сол өсімнен қалмауын қадап айтты. Сапар қорытындысы бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету, кіреберіс жолдарды жақсарту, инженерлік желілерге дер кезінде қосу, жұмыс сапасы мен мерзімін бақылауды күшейту, сондай-ақ, жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде іргелес аумақтарды көркейту сынды тапсырмалар берілді.

Жаңалықтар