Дархан Сатыбалды Сайран су қоймасы маңын көркейту жұмыстарының барысымен танысты
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Сайран су қоймасы маңын көркейту жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Жоба аясында ұзындығы 2,5 шақырым болатын серуен жолын, жағажай аймағын, балалар мен спорт алаңдарын, велосипед және скейтпарктерді салу көзделген. Сонымен қатар санитарлық аймақтар, полиция мен құтқару бекеттері де қарастырылған.
Қала басшысына өзінің тапсырмасымен жүргізілген қала кеңістігін қолжетімді етуге бағытталған жұмыстар туралы баяндалды. Атап айтқанда, Төле би көшесі бойында жағалаудан тротуарға шығатын өткел жасалған, ал Абай көшесі жағынан пандус орнатылған. Жұбанов көшесінің ең тік бөлігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жедел саты салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, Варламов көшесі жағынан жасыл желекке зиян келтірмей, балалар арбасына арналған асфальт жол төселіп жатыр.
«Егер біз жаңа бір жобаны іске асырып жатсақ, оны бірден 10-20 жылға лайықтап жасауымыз керек. Әйтпесе, біраз уақыттан кейін қайтадан жөндеуге тура келеді. Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтары үшін өзіне тән ерекше атмосфера қалыптасуы шарт. Егер Сайранды жаңғыртып, көркейтуге кіріссек, ол заманауи талаптарға сай болуы керек», – деді қала әкімі.
Жұмыс барысында қосымша инженерлік және ландшафтық шешімдер қабылдау қажеттігі туындаған. Бұл жобаның жобаның сапасын арттырады, бірақ құрылыс мерзім сәл ұзартады.
Бұған дейін де шаһар басшысы бұл жобаға қатысты бірқатар ескерту жасаған болатын. Атап айтқанда, мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ-на жұмыс сапасына бақылауды күшейту тапсырылды.
Жаңалықтар


