Мәслихат депутаттары Алматының жаңа Қала құрылысы регламентін бекітті
Алматыда VIII шақырылған Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, оның барысында депутаттар жаңа Қала құрылысы регламентін бекітті.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев өз сөзінде атап өткендей, жаңа Қала құрылысы регламенті Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын іске асыру аясында әзірленді.
«Қала регламенті аумақты аймақтарға бөлу, инфрақұрылым объектілерін салу және орналастыру қағидаттарын, сондай-ақ қала құрылысының басқа да аспектілерін айқындайды. Ол қаланың дамуын реттеудің негізгі құралы болып табылады және Бас жоспар негізінде әзірленеді әрі оның сипаттамалық бөлігі болып табылады», - деп атап өтті ол.
Мәселен, алдыңғы Қала құрылысы регламенті 2006 жылы қабылданды және Алматының қазіргі даму үрдістеріне сәйкес келмейді. Жаңа құжат мегаполистің полиорталық ретінде дамуына ықпал етеді және Бас жоспарға сәйкес тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етеді.
Әзірленген Қала құрылысы регламенті жаңалықтарының бірі-экологиялық жағдайды және қалалық климаттың жайлылығын жақсартуға бағытталған санитарлық-қорғау аймақтары мен жел аудандастыру сияқты реттеу карталары.
«Мұндай аймақтар алғаш рет әзірленді. Мысалы, жел аудандастыру картасы меридиандық көшелерді желдеткіш дәліздер ретінде пайдалануға, яғни қаланы жақсы аэрациялау үшін үйлерді дұрыс бағдарлауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Басқармадағылар.
Жалпы, жаңа құжатта бизнесті ынталандыру үшін жер учаскелерін пайдаланудың өзгергіштігі артты, бұл жаңа жұмыс орындарын ашады және жұмыспен қамтуды орталықсыздандыру арқылы қалада көлік жүктемесін де азайтады.