Жас Қанат шағын ауданында Даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталады – Ерболат Досаев

Алматы әкімдігі Түрксіб ауданында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмысын белсенді түрде жалғастырып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде айтты.

Жарияланған күні мен уақыты: «10-04-2025 07: 45»

Оның айтуынша, оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 2024 жылдың қараша айында №59 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосалқы ғимаратының құрылысы мен сейсмикалық күшейте отырып күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Осыдан кейін Чернышевский көшесіндегі филиалының реконструкциясы басталып, оны биылғы тамыз айында аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, биылғы ақпан айында №195 мектепке 450 орындық қосалқы ғимараттың құрылысы аяқталды, ал өткен жылы №83 гимназия филиалы қайта жаңғыртудан өтті.

Биыл жыл соңына дейін №50 мектепте сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Бұдан бөлек, төрт жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр: №198 мектепке 600 орындық қосалқы ғимарат салу, №142 мектепті қайта жаңғырту, №78 мектепке 450 орындық қосалқы ғимарат салып, күрделі жөндеу жүргізу және №170 мектептің ескі ғимаратын бұзып, жаңа қосалқы ғимарат салу.

Ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында, қала әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен биыл Түрксіб ауданында 6100 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп болжанып отыр. 

Айта кетейік, жалпы Алматы қаласы бойынша 35,7 мың оқушы орнына арналған 21 жайлы мектеп және 2750 орынға жеті қосалқы ғимарат салу жоспарланған.

Сонымен қатар, Түрксіб ауданында мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын азайту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында №70 мамандандырылған бөбекжай-бақшасына сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар аяқталды.

Биылғы сәуір айының соңына дейін Қайрат шағын ауданындағы 260 орындық №192 балабақшаның құрылысын аяқтау үшін мердігер анықталмақ. 

2025 жылдың қазан айында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін Әлмерек шағын ауданында 320 орындық жаңа балабақша және Алтай-1 шағын ауданындағы №119 бөбекжай-бақшасын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқталады.

Биыл мамырда Жас Қанат шағын ауданында Даму және шығармашылық орталығының құрылысы басталады. Құрылыс 2026 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасының құрылысы толық аяқталады, деп сөзін түйіндеді Алматы әкімі.

Жаңалықтар