BRT Алматының көлік инфрақұрылымын қалай жақсартады: инновацияның артықшылықтары мен қажеттілігі

BRT дегеніміз не?

BRT – бұл арнайы жолақпен жүретін, жоғары жылдамдықтағы автобустар желісі. Бұл көлік түрі қозғалысқа басымдық беру жүйелері мен ақылды бағдаршамдардың арқасында кептеліске түспей, қиылыстарда уақыт жоғалтпай, заманауи жүйелер арқылы кедергісіз қозғалады. BRT аялдамалары көбінесе қиылыстарға жақын орналасады. Бір сөзбен айтқанда, бұл дөңгелектегі метро, бірақ құрылыс шығындары әлдеқайда аз.

Жарияланған күні мен уақыты: «22-04-2025 11: 32»

 

Халықаралық тәжірибе:

«BRT жүйесін Райымбек батыр даңғылына жобалау кезінде халықаралық тәжірибелерге сүйендік. Бұл жүйе тұрақты әрі тиімді көлік шешімі ретінде өзін көп елде дәлелдеді. Мысалы, Колумбияның Богота қаласында 2000 жылы іске қосылған «TransMilenio» жүйесі күн сайын 300 мың жолаушыдан бастап, бүгінде 2,5 миллионнан астам адамды тасымалдайды. Жолда жүру уақыты 32%-ға қысқарып, CO₂ шығарындылары 40%-ға азайған», – дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ директоры Асхат Сәдуов.

Оның айтуынша, Түркияның Стамбул қаласында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Metrobüs» жүйесі қаланың маңызды көлік инфрақұрылымына айналған. Жүйеде 52 бекет бар, ұзындығы 50 км, күніне 700 мыңнан астам жолаушы тасымалданады.

 

Райымбек батыр даңғылына BRT енгізуден күтілетін нәтиже:

«Алматыда BRT енгізу көлік жүктемесін азайтудың және қалалық өмір сапасын арттыратын заманауи шешім. Жоба нақты көлік моделі мен болжамды жүктемелерге негізделе отырып жасалған», - деді Асхат Сәдуов.

 

BRT жүйесі енгізілгеннен кейін мынадай өзгерістер күтіледі:

  • Автобустардың орташа жылдамдығы 70%-ға артады
  • Бағыттар бойынша автобус күту аралығы 4-7 минут аралығында болады
  • Бұл бағытта 9-ға жуық ірі маршруттар (үлкен сыйымдылықтағы автобустармен) жүреді

«Жібек жолы – Тимирязев – Райымбек батыр бағытындағы BRT желілері біріктірілген соң қаланың жоғарғы және төменгі жағын жалғайтын біртұтас көлік магистралі қалыптасады. Бұл өз кезегінде қоғамдық көлікті жеке автокөлікке балама ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», - дейді урбанист-сәулетші Владислав Филатов.

Жаңалықтар